Балалық шақтағы достар адамның ересек өміріне қалай әсер етеді

Гарвард, Стэнфорд және Нью-Йорк университеттерінің ғалымдары балалық шақтағы достардың ересек өмірге әсерін түсіну үшін ауқымды зерттеу жүргізді. Олар 25 пен 44 жас аралығындағы 72 миллионнан астам әлеуметтік желі қолданушысының деректерін талдап, бұл адамдардың балалық кезінде кімдермен араласқанын қарастырды. Зерттеуде балалардың ауқатты отбасылардан шыққан құрдастарымен немесе табысы төмен ортадан шыққан балалармен достық қарым қатынаста болғаны салыстырылды.

Зерттеушілер қатысушыларды жасына, аймағына және табыс деңгейіне қарай бөліп, әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қарым қатынастың қаншалықты жиі болғанын бағалады. Осы талдау негізінде олар «экономикалық байланыс» деген ұғымды енгізді. Бұл адамның балалық және жасөспірім шағындағы достарының әлеуметтік және материалдық жағдайын сипаттайды.

Нәтижелер өте айқын болды. Егер бала балалық кезінде тұрмысы жақсы отбасылардан шыққан достармен араласса, оның ересек өмірдегі табысы орта есеппен 20 пайызға жоғары болатыны анықталды. Яғни балалық шақтағы орта мен әлеуметтік байланыстар адамның болашақтағы қаржылық мүмкіндіктеріне тікелей әсер етеді және бұл фактор ең ықпалды көрсеткіштердің бірі болып шықты.

Бұдан бөлек, жақында жүргізілген тағы бір зерттеу адам арасындағы қарым қатынастарға қатысты қызықты жайтты көрсетті. Ғалымдар адамдардың достарын кейде иіс арқылы да бейсаналы түрде таңдайтынын анықтаған. Алғаш танысқанда бір біріне тез жақындық сезінген адамдардың дене иістері бір біріне ұқсас болған. Бұл адамның әлеуметтік байланыстары тек саналы таңдауға емес, биологиялық деңгейдегі сәйкестікке де байланысты екенін көрсетеді.

Similar Posts