Неліктен бізге «жоқ» деп айту соншалықты қиын
Адамға бас тартудың қиын болуының негізгі себептерінің бірі — біреуге жағымсыз сезім тудырып қоямын деген қорқыныш. Біз өзіміздің «жоқ» деген сөзіміз басқа адамды ренжітеді, арада кернеу туғызады, жанжалға әкеледі немесе қарым қатынасты бұзады деп алаңдаймыз. Соның салдарынан өз қалауымыз бен мүмкіндігімізге сай келмейтін өтініштерге келісіп, өз қажеттіліктерімізді елемей, өзімізге зиян келтіреміз.
Бас тарту қиынға соғатын көптеген адамдар өздерін үнемі өзгелердің орнына қоюға міндеттімін деп санайды. Олар «егер мен оның орнында болсам, иә дегенді қалар едім» деп ойлайды. Бірақ көбіне адамдар өз мүддесін бірінші орынға қоятынын және өзіне зиян келтіре отырып, басқалар үшін құрбан болуға дайын еместігін ұмытып кетеді. Сондықтан өзгелерден өзіміздегідей шамадан тыс көнгіштікті күту қате түсінік болып табылады.
«Жоқ» деп айта білу өмірдің барлық саласында маңызды. Бұл дағды сау қарым қатынас орнатуға, энергияны сақтауға, өзіңді және жеке шекараңды құрметтеуге көмектеседі. Ол эмоционалдық тұрақтылық пен кәсіби төзімділіктің негізі болып саналады.
Бас тартуды қиындататын бірнеше кең таралған себеп бар. Олардың қатарында түсінілмей қаламын деген қорқыныш, өзімшіл немесе жағымсыз адам болып көрінуден қауіптену, «жақсы адам» бейнесіне сай болуға тырысу, басқалардың наразылығына төзе алмау, өзгенің ашуына алаңдау, жеке шекараны қорғау дағдысының болмауы жатады. Үнемі басқаларға жол беретін адам айналасында тәуелді қарым қатынастар қалыптастырады: адамдар оған әрдайым келісім берілетініне үйреніп, оны қалыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды.
Егер осы сипаттамалардан өзіңізді танысаңыз, бұл жеке шекаралардың бұзылғанын білдіруі мүмкін. Бас тарта алмайтын адамдар жиі тығырыққа тірелгендей күй кешеді, кінә мен ашу сезімін сезінсе де, бәрібір басқаларға көнуді жалғастырады. Мұндай жағдайда психологпен жұмыс істеу бұл мінез-құлық үлгісінен біртіндеп арылуға көмектесуі мүмкін.
Автоматты түрде келісу әдетінен босай бастағанда, адам ішкі еркіндігін көбірек сезінеді. Ол өзіне сенімдірек болады, қалауын жақсырақ түсінеді, қажетсіз нәрселерге күш пен уақытын жұмсауды қояды. Соның нәтижесінде оны пайдаланып келген адамдармен байланыс азайып, шын мәнінде жақын жандармен қарым қатынас берік әрі шынайы бола түседі.
Ең қызығы — адам «жоқ» дегенді сабырлы әрі сенімді түрде жиі айта бастаған сайын, оған деген қажеттілік сирей түседі. Айналасындағылар оның шекарасы нақты әрі маңызды екенін түсініп, қысым көрсетуді немесе манипуляция жасауды тоқтатады.
