Каспий теңізінің ағымдағы жағдайы. Таяз тарту апаты.
Каспий теңізі- Еуропа мен Азия аралығында орналасқан жер шарындағы ең үлкен тұйық көл. Оны теңіз деп атайды. Каспий теңізінің жалпы ауданы 376 мың км². Оның беті теңіз деңгейінен 28 м төмен жатыр. Теңіз солтүстіктен оңтүстікке қарай 1200 км-ге созыла орналасқан. Теңіздің ендірек жері — 435 км, ал енсіз жері — 193 км. Каспий теңізінің жағалау сызығының ұзындығы — 7000 км. Оның суы 5 мемлекеттің жағалауын шайып жатыр. Жағалау сызығының Қазақстан үлесіне — 29% (2340 км), Ресейге — 9%, Әзірбайжанға — 20%, Түрікменстанға — 21%, Иран Ислам Республикасы — 14% тиеді. Каспий теңізіне 130-ға жуық өзендер мен ағынды сулар Құнды. Олардың теңізге құятын жиынтық ағыны жылына орташа есеппен 300 км³. Осы мөлшердің 80%-ы Еділ өзенінің, 5%-ы — Жайықтың үлесіне тиеді.
Алайда, Каспий теңізінің тартылуы Қазақстан бөлігінде 7,1 пайызға қысқарған су аумағы бойынша он бес жылда анық байқалады. Бұл теңіздің солтүстік бөлігінде әсіресе экологиялық және басқа өмір жағдайларына кері әсер етеді. Әрі, теңіздің суалып, жағадан алыстағанына тұрғындар алаңдаулы. 200 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтау қаласы суды Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей мен Түркіменстан бірге пайдаланатын Каспийден алады. 7 маусымда Ақтау әкімдігі теңіз тартылып жатқанын, су деңгейі қатты төмендеп, жағалаудан алыстап кеткенін айтып, жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялаған. Тіпті Қазақстанның экология министрі-Зүлфия Сүлейменова Каспийге құятын өзендердің ағысы төмендегенін, теңіздің экожүйе ретіндегі жағдайы «Өте күрделі» екенін айтып, егер тұрақты су болмаса, тартылып қалу қаупі барын растаған.
«Қазір Каспийге құятын өзендердің жай-күйін көріп отырмыз және кез келген азаю, өзгеріс, реттеулер тікелей әсер етеді. Тағы бір мәселе – климаттың өзгеруі де өзендердің гидрологиялық режимдеріне әсер етеді. Кейінгі бірнеше жылда су тартылып жатқаны байқалады. Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі ең таяз болып саналады, сондықтан біз сыртқы экзогендік фактор ретінде климаттың өзгеруі мен реттеу қызметінің салдарын бірінші болып көріп отырмыз. Өкінішке орай, проблема бар», – дейді министрдің өзі.
Айта кетерлік жағдай, тарихи кезең ішіндегі (15 жыл) әртүрлі уақыттағы ғарыштық түсірілім деректері бойынша да Каспий теңізінің жағдайына мониторинг жүргізілген. Ғарыштық түсірілімдердің мұрағат деректеріне сәйкес, Қазақстан акваториясының солтүстік бөлігінде теңіз түбі көрініп, Каспий теңізі тартылып барады делінген болатын. 2023 жылдың жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша кейінгі 15 жылда Каспий теңізінің Қазақстандық секторының акваториясы айтарлықтай қысқарған (7,1 пайызға).
Ал гидролог мамандардың айтуынша, Каспий теңізіндегі су деңгейінің қазіргі кездегі құбылуына, ұзақ мерзімді өзгерістерден бөлек, Еділ өзені бассейніндегі өзгеріс басты әсерін тигізіп отыр, оның көлге құю және булану үлесі 80 пайыздан асады және судың көлемінің өзгеруі климатқа елеулі әсерін тигізіп жатқанын көрсетіп отыр. Салдарында, Каспий теңізі Солтүстік жарты шардың климатына да әсер ете алатындығын да климатолог мамандар айтып кеткен. Сол себепті де, апатты болдырмайтын нақты шаралар тез арада қолға алынбаса, экологиялық ахуал қиындай түспек.
