Әдебиет — адам баласының рухани азығы
«Қылыш елді күзейді, қалам елді түзейді» демекші, ата-бабаларымыз байырғы замандардан бері ұлағатты сөздер мен көркем насихаттарын кітап бетіне жазып, ұрпақтан ұрпаққа тапсырып жүрсе керек. Ең әуелі, әдебиеттің маңызы жайлы бірер сөз айта кету — артықтық етпес. Әдебиет — адам баласының рухани азығы; абстракциялық шер-толғауменен ықыласты сезімдердің бір арнада тоғысуы. Әдебиет деген — қоғамдағы мәселелерді ой сүзгісінен өткізіп, ең маңызды толқуларды бал жинаған арадай оқырманның жүрегіне құятыны баршамызға мәлім.
“Ноқталы көкжал аңызы”
(Үзінді)
“Ақ кебінге оралған қыстың баз баяғы құлқын сәрісі десеңші. Көкжиектегі әуелгі күн сәулесінің-ақ бүгінгі күн салқын болатыны айдан анық. Өткен аптадағы жаймашуақ күн қай жерде қаңғып жүр екен? Бұлт арасында сығылып, кей кезде өткір шуағымен дәл көзімді меңзеп, ығырымды шығарса керек. Дегенмен күнімнің басымы көк аспанның күркірі менен найзағайдың жарқылдауымен өткесін, ықтап, әйтеуір бір ай далада ерігіп жүремін… Шіркін-ай!? Мына фәни, шынтауайтында, өткінші екен; күні кеше аштық пенен әлсіздік мені мезі қылмаған-ды, бүгін болса қайратым һәм айбатым қайтып, қартайып жасым ұлғайса керек. Міне, әлденені жемегеніме бірер уақыт өтті”, — деп күрсінді көкжал.
Бір мезетте күңіреніп жатқан қасқырдың дәл маңында әлдекім жүгіріп өткендей сезілді. Бебеу қағып, шаршап тұрса да әлгі қасқыр басын салбыратып, дыбысқа қарай сандырақтап баруда. Дыбыс шыққан орынға келіп тірелгенде, артынан дәл сол Дыбыс қайта “жыбырлады”. Ендігі жолы сол Дыбыс оның тұла бойына бір күш-қуат берген сиықты-ау. Әйтеуір, ұзақ алас-тартыстың түбі бөлтірік үшін мардымды болса керек: қос азуы қанға
боялған аппақ қоянды қысып, жібергісі келмейді. Апта бойы дым ауыз тимегесін, олжаның дәмін ығына оралмастан татып көрсе керек.
Кенет… Аңшының тапаншасы қасқырдың дәл түмбісіне тірелді. Қарудың қара суығы тіршілікке, әсіресе орман тұрғындарына қашан көңіл сыйласын?! Жалғанға онсыз да мезі болған байғұстың қалың мұңын одан бетер қоюлатып, өмірінің соңғы сәтін азапты қылса керек.
“Ноқтаға ажал ұқсаған” дегенді нақақтан нақаққа айтпады-ау бабаларамыз…
